Өскемен құтқарушылары 10 гектарға жайылған дала өртімен күресуде

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында құтқарушылар 10 гектарға жайылған дала өртімен күресуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Өскемендегі «Звездный» саяжай қауымдастығының аумағында шөп өртенген.

«Қатты желдің салдарынан тілсіз жау жеке тұрғын үйге және екі көлікке таралып кетті. Алдын ала дерек бойынша жалынның жалпы ауданы 10 гектарды құрайды», - делінген ақпаратта.

Оқиға орнына 28 адам мен 7 техника жұмылдырылған. Өрт сөндірушілерге екпіні секундыны 15-20 метрге дейін жететін жел кедергі келтіруде. Қазіргі уақытта олардың үйлесімді іс-қимылдарының нәтижесінде өрттің ары қарай таралу қаупі жойылды.

Алайда от толықтай ауыздықталған жоқ. Өртпен күрес жалғасып жатыр.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да биыл 300-ден астам дала өрті шыққанын хабарлаған едік.