Өскемен перзентханасын үкі күзетіп жүр
АСТАНА. KAZINFORM – Өскемендегі Ана мен бала орталығы аумағында ерекше қонақ байқалды. Перзентхана терезелерінің жанындағы ағашқа сұр үкі келіп қонған.
Құсты алғаш аурухананың кезекші қызметкерлері байқаған.
- Әуелде елестеген болар деп ойладық, кейін қарасақ үкі шынында да қонақтап, терезеге қарап тыныш бақылап отыр, мүлде қорықпайды, - дейді медбикелердің бірі.
Перзентхана қызметкерлері үкінің суретін әлеуметтік желідегі парақшаларында жариялаған, ал кадр тез арада көптің назарын аударып, тарай бастады.
Көпшілік әзілдеп, үкі тұрымтайдың (аист) орнына келген шығар, қуанышты жаңалықты жеткізуші қызметін уақытша өз мойнына алды деп жазып жатыр. Басқалары болса қалжыңдап, бәлкім, Ана мен бала орталығында Гарри Поттер дүниеге келген болар дейді.
Мамандардың айтуынша, аталған құстың өңірде пайда болуы сирек жағдай.
- Үкілер әдетте ну орман мен адамнан алыс аумақтарды мекендейді. Қалада олар өте сирек кездеседі, көбіне солтүстік немесе Орал аймақтарында ұшырасады, - дейді орнитологтар.
Болжам бойынша, құс бағытынан адасып кеткен болуы мүмкін немесе жылы әрі тыныш жер іздеген. Ал перзентхана маңы қолайлы аялдама болып шыққан болуы мүмкін. Мұнда ескі ағаштар бар әрі салыстырмалы түрде тыныш.
Суық түскен сайын көптеген құс азық пен пана іздеп, адам қоныстарына жақындай түседі. Сондықтан орнитологтар қанатты қонақты мазаламауға және мүмкіндігінше көмек көрсетуге шақырады.
- Саябаққа жем салғыш іліп қойыңыздар немесе бір бұрышқа аздап дән қалдырыңыздар. Бұл құстарға аязды күндерді жеңіл өткізуге көмектеседі, - деп толықтырды мамандар.
Айта кетейік, Өскеменде мобильді байланыс пен интернет дұрыс ұстамайтын сегіз аумақ бар.