Өскеменді не себепті қыста жиі тұман тұмшалайды

Фото: Pexels

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласына не себепті қыста жиі тұман түсетініне қатысты әкімдік өкілдері жауап берді. 

Тұрғындар арасында не себепті қала көшелерін басатын тұман негізінен қыста болады деген сұрақ жиі қойылады. ШҚО әкімдігінің мәліметінше, бұған бірнеше фактор әсер етіп отыр.

– Қыс кезінде жылу көздеріне түсетін жүктеме артып, көліктер көп қыздырылып, жер үйлерде пеш жағылады. Сондай-ақ екі су электр станциясы Ертіс пен Үлбі өзендерінің қыс мезгілінде қатпауына әкеліп, содан қалың тұман пайда болады. Осының барлығы қолайсыз метеорологиялық жағдайлармен ұштасып, ластаушы заттардың ауа қабатының жерге жақын бөлігінде жиналуына әкеледі, - делінген ақпаратта. 

Белгілі болғандай, желсіз күндерде кәсіпорындар өндірістік жүктемені 20-40 пайызға дейін төмендетеді. 

– Сонымен қатар көктем, жаз және күз мезгілдерінде қаладағы зиянды шығарындылар қолайлы ауа райының әсерінен табиғи түрде таралып кететінін атап өткен жөн. Экологтар мен метеорологтар атмосфералық ауаның жай-күйіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіп жатыр, - делінген хабарламада.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде қашықтан оқуға көшу тәртібі бекітілгені хабарланған.