Өскеменде 89 көпқабатты үй тұрғындары жылусыз қалды

Фото: Pexels

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласының орталығындағы 6 мыңнан астам абонентке жылу беру уақытша тоқтатылды. 

Жылудың өшірілуіне желідегі ақау себеп болған. Ақау «Ануара» сауда үйі, «Әлем» және «Қайнар» сауда орталықтары, «Жәрдем» базары, «Қазақтелеком» және Өскемен қалалық полиция басқармасы маңындағы учаскелерде анықталған.

Өскемен қаласы әкімдігінің мәліметінше, желіде ілмекті арматураны ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жылусыз қалғандар ішінде 89 көпқабатты тұрғын үй, 64 ғимарат және 1 жер үй бар. Жалпы саны 6 609 абонент жылудан уақытша өшірілді.

«Шығыс Жылу» АҚ мәліметінше, магистральдық және кварталдық жылу желілері штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Еске салсақ, осыған дейін Оралда алдағы екі жылда 3 магистралдық жылу желісін жаңғырту көзделіп отырғаны хабарланған.