Бұл шешім балалардың денсаулығына қауіп төндіруді азайту мақсатында қабылданды. Қолайсыз ауа райы жағдайында зиянды ластаушы заттар ауада ұзақ сақталады, ал қаладағы ауа сапасы тұрақсыз болып қалады.
— Ауа райының қолайсыздығы кезінде біздің бірінші кезекте оқушыларымыздың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты маңызды. Сондықтан оқушыларды уақытша қашықтан оқытуға көшіру туралы шешім қабылданды, — деп хабарлады қалалық білім басқармасынан.
Бекітілген кестеге сәйкес онлайн режимінде сабақтар өткізіліп, оқу үдерісі толық көлемде жалғасып жатыр. Білім басқармасы ата-аналардан қаладағы ауа-райы жақсарғанша мамандардың хабарландырулары мен ұсыныстарын орындауды сұрады.
Еске салайық, Өскеменде ауаға тараған екі зиянды заттың мөлшері шекті деңгейден асып кетті.