Өскеменде ауруханада жатқан науқас дәрігердің өзін соққыға жыққанын айтып, арыз жазды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласының тұрғыны дәрігердің өзіне күш қолданғанын айтып, полицияға арыз түсірді.
Бұл туралы жәбірленушінің ағасы әлеуметтік желіге жазған. Оның сөзінше, бауыры ауруханада емделіп жатқанда медициналық мекеме қызметкері оны соққыға жыққан. Соның салдарынан ер адамның беті, арқасы мен беліне зақым келген.
Kazinform тілшісі оқиғаның ақ-қарасын білу үшін ШҚО Полиция департаментіне хабарласып көрді. Департаменттің баспасөз қызметі қазір тергеу жүргізіліп жатқанын, бірақ жәбірленушіге нақты ауруханада дене жарақаты келтірілді деген ақпарат әлі нақтыланбағанын мәлім етті.
— Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Өзге ақпаратты тергеу мүддесіне сәйкес жария етуге тыйым салынған, — деп жауап берді ведомство өкілдері.
Еске салсақ, осыған дейін Президент медицина қызметкерлеріне күш көрсеткені үшін жазаны күшейтуді тапсырған болатын.