Өскеменде дауыл мен нөсер жаңбырдан жарық өшіп, көшелерді су басты

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Өскемен қаласында қатты желден бірнеше шағын аудан халқы жарықсыз қалды.

Фото: Өскемен қаласы әкімдігі

Қалада қолайсыз ауа райынан, атап айтқанда қатты жел, нөсер жаңбыр және бұршақ жаууына байланысты бірқатар ауданда электр энергиясы үзілді. Сонымен қатар ағаштар құлап, кейбір көшелерді су басты.

Фото: Өскемен қаласы әкімдігі

- Қазіргі уақытта электр энергиясының уақытша өшуі Ахмер кентінде, 19-шы шағын ауданда, әуежай, Шмелев Лог және «Болашақ» шағын аудандарында тіркелді. Қаланың коммуналдық және апаттық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Құлаған ағаштарды алу, көшелерден суды сору және электрмен жабдықтауды қалпына келтіру бойынша барлық қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады Өскемен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Фото: Өскемен қаласы әкімдігі

Қала әкімдігі тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға, ауа райы тұрақталғанға дейін аса қажеттілік болмаса сыртқа шықпауға және ағаштар мен электр желілерінің маңында жүрмеуге шақырды.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде қатты желден 5 үйдің шатыры бүлінгені хабарланған.