Өскеменде дауылдың салдарынан 25 мыңға жуық адам жарықсыз отыр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында екпіні күшті желден 25 мыңға жуық адам жарықсыз қалды.

Фото: Өскемен әкімдігі

«Қазгидромет» РМК мәліметіне қарағанда, қала аумағында 20,5 мм жауын-шашын түсіп, екпінді жел мен найзағай соқты. Соның салдарынан электр энергиясы апатты жағдайда ажыратылып, көшелерді су басты.

— Барлық коммуналдық және жедел қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Жағдай тұрақты бақылауда. Табиғат құбылысының салдарын жою жұмыстарына 270 маман мен 41 арнайы техника жұмылдырылды, — деп хабарлады Өскемен қаласы әкімдігінен.

Фото: Өскемен әкімдігі

«ӨЭСК» АҚ мәліметінше, қолайсыз ауа райы салдарынан 25 мыңға жуық адам жарықсыз қалған. Қазіргі уақытта олардың басым бөлігі қайта электрмен жабдықталды. 6 мыңға жуық абонентті электр желісіне қосу жұмыстары жалғасып жатыр.

Фото: Өскемен әкімдігі

— Екпіні күшті жел салдарынан екі көпқабатты тұрғын үй және төр жеке үйдің шатыры бүлінді. Қаланың негізгі көшелерінде құлаған 15 ағаш көлік қозғалысына кедергі келтірді. Осы сәтте барлық ағаш алынып, жол қозғалысы толық қалпына келтірілді, — делінген ақпаратта.

Еске салайық, осыған дейін Өскеменде қатты желден 5 үйдің шатыры бүлінгені хабарланған.