Өскеменде денесін күйік шалған тағы бір жұмысшы Астанаға жіберіледі

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Өскемен қаласына «Қазцинк» кәсіпорнындағы апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін келген республикалық бас компустиолог өндірісте денесі күйіп қалған тағы бір науқасты қосымша тексеріп шықты.

Фото: видеодан алынған скрин

Ол Үлбі металлургиялық зауытының қызметкері. Белгілі болғандай, жұмысшы 18 сәуір күні бериллий өндіру цехындағы жазатайым оқиға салдарынан жарақат алған.

Шығыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1984 жылы туған азамат өндірістік жарақаттан кейін денесінің шамамен жартысын күйік шалуына байланысты ауруханаға жатқызылған.

— Күйік шалған аумақ 45–49 пайызды құрайды, зақымдану дәрежесі — 3АБ. Науқасқа мамандандырылған емнің келесі кезеңі көрсетілуі қажет, тері ауыстыру операциясы жоспарланып отыр, — деп хабарлады ведомство өкілдері.

Тексеру қорытындысы бойынша республикалық маман науқасты Астанадағы Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығына жеткізуді ұсынған.

— Барлық медициналық құжат санитарлық авиация қызметіне жолданды, тасымалдауға келісім алынды. Қазіргі уақытта науқасты жеткізу мерзімі нақтыланып жатыр, — делінген хабарламада.

Жұмысшы технологиялық процесс кезінде ауыр күйік алған.

Еске салсақ, осыған дейін «Қазцинк» кәсіпорнындағы жарылыстан зардап шеккендердің бірі санавиациямен Астанаға жеткізілетіндігі хабарланған.