Өскеменді қайтадан түтін тұмшалап барады. Себебі кешелі бері жел соқпай тұр. «Қазгидромед» РМК ертең тағы да қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасатынын жария етті.
— Бүгін сағат 20.00-ден бастап 6 желтоқсан 20.00-ге дейін Өскеменде екінші дәреже туралы ескерту жарияланды, — делінген хабарламада.
Осы ретте, тұрғындарға ҚМЖ кезінде далада ұзақ жүрмей, пәтердегі терезелер мен желдеткіштерді жауып отыруға кеңес берілді. Сондай-ақ қайнатылған, тазартылған немесе газсыз минералды су мен шәй ішіп, ас содасының ерітіндісімен тамақты жиі шаю қажет.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде экология саласына бөлінетін қаражат көлемі өсетіндігі хабарланған.