Бүгін таңертең синоптиктер облыс орталығында ауаның ластану деңгейі төмен болады деп болжап, арнайы режим енгізуге негіз жоқ екенін айтқан. Алайда күндіз бақылау бекеттерінде жүргізілген өлшеу нәтижелері қала атмосферасына түсетін жүктеменің артқанын көрсетті. Датчиктер бір мезгілде үш зиянды зат бойынша бір реттік шекті рұқсат етілген концентрациядан асу дерегін тіркеген.
Атап айтқанда, көміртегі тотығының мөлшері шекті рұқсат етілген концентрациядан 1,349 есе, күкіртсутек 1,113 есе, ал күкірт диоксиді 1,017 есе жоғары болған.
Ауаның ластануына автокөліктерден шығатын түтін, жеке сектордағы пешпен жылытылатын үйлер және өнеркәсіптік кәсіпорындардың шығарындылары әсер еткен.
Синоптиктердің болжамынша, 19 қарашада ластаушы заттардың сейілуіне қолайлы жағдай қалыптаспайды. Түнде және таңертең қала аумағын тұман басып, шығыстан және оңтүстік-шығыстан секундына 2-7 метр жылдамдықпен жел соғады. Мұндай метеорологиялық жағдай жерге жақын ауа қабатында зиянды заттардың одан әрі жиналуына ықпал етеді.
– Қолайсыз метеорологиялық жағдайлардың күтілуіне байланысты 18 қараша сағат 20:00-ден 19 қараша сағат 20:00-ге дейін Өскемен қаласында ҚМЖ-ның бірінші дәрежесі туралы ескерту жарияланады, – деп хабарлады «Қазгидромет» РМК.
ҚМЖ-ның бірінші дәрежесі енгізілген кезеңде қаладағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмыс тәртібі өзгереді. Экологиялық заңнамаға сәйкес, зауыттар арнайы жұмыс кестесіне көшіп, ескерту күшінде болатын уақытта атмосфераға таралатын зиянды шығарындылар көлемін қысқартуға міндетті.
Ал қала тұрғындарына, әсіресе балаларға, қарттарға және тыныс алу жолдарының ауруларымен ауыратын адамдарға осындай уақытта далада ұзақ жүрмеу ұсынылады.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде экологиялық паспортты әзірлеу бес жылға кешеуілдегені хабарланған.