ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында көлікке соғылған мотоцикл жүргізушісі көз жұмды. ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы Меновное кентінде болған.
«Zhejiang» маркалы мотоциклді тізгіндеп келе жатқан ер адам «Toyota Land Cruizer» автокөлігіне соғылды. Жол апаты салдарынан мотоциклші ауыр жарақат алған. Ауруханаға шұғыл түрде жеткізілген ол көп ұзамай көз жұмды.
«Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жол апатының барлық мән-жайы анықталып жатыр. Бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындалып, соның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде көлік ағашқа соғылып, 1 адам көз жұмғаны хабарланған.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.