Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, 2023 жылы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Қытайдың инженерлік білім беру жобасы аясында Лу Бань шеберханасы ашылған. Қазір онда 500-ден астам студент автономды басқару, жасанды интеллект, цифрлық егіздер және интеллектуалды көлік жүйелері бағытында білім алып жатыр.
2025 жылы университетте халықаралық серіктестермен бірлесіп SMART Driving Technology инженерлік орталығы құрылды. Орталықта білім берумен қатар қолданбалы ғылыми зерттеулер де жүргізіледі.
Атап айтқанда, Allur компаниясымен бірге электромобильдерге арналған аязға төзімді жаңа буын аккумуляторлары және автокөлік пен тау-кен техникасына арналған ЖИ жүйелері әзірленіп жатыр. Ал KazTechna компаниясымен электроавтобустардың тиімділігін арттыруға бағытталған ғылыми жобалар қолға алынған.
— Бұл жоба бүгінде халықаралық деңгейге көтеріліп отыр. Тамыз айында Лу Бань шеберханасы базасында Great Wall Motor, Тяньцзинь кәсіптік институты және «Астана Моторс» компанияларының қатысуымен халықаралық сертификаттау орталығы жұмысын бастайды, — деді Саясат Нұрбек.
Аталған орталық автокөліктерді диагностикалау, олардың интеллектуалды жүйелері бойынша мамандарды дайындап, біліктілік сертификатын береді. Мұндай құжат Қытай автокөліктерінің ресми дилерлік орталықтарында жұмыс істеу үшін міндетті саналады.
— Бұл — Орталық Азиядағы алғашқы сертификатталған орталық. Қазір өңірде Қытай автокөліктеріне қызмет көрсететін 100-ден астам дилерлік компания жұмыс істейді. Оның ішінде 34 дилерлік орталық Қазақстанда орналасқан. Болашақта олардың мамандары Өскеменде біліктілігін растап, халықаралық сертификаттан өте алады. Ал Серікбаев университетінің түлектерін біліктілік сертификатын автоматты түрде алады, — деді Саясат Нұрбек.
Айта кетейік, Үкімет отырысында машина жасау саласын дамыту мәселесі қаралып жатыр.
Қазақстанның 19 оқу орнында автоөнеркәсіп мамандары даярланып жатыр.