Өскеменде пышақпен қаруланған үсті-басы қан-жоса ер адам ұсталды

Фото: Видеодан скрин

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында көшеде қолына пышақ алып, үсті-басы қан-жоса болып жүрген ер адам елді шошытты.

Оқиға бүгін күндіз Протозанов көшесі бойындағы жағалауда болған. Қолында пышағы бар, жалаңаш кеудесі қан-жоса ер адам жұрттың көзіне бірден түсті.

Бұл туралы видео әлеуметтік желіде тарап кетті.

Куәгерлер оның денесінде жарақаттар барын байқаған. Оқиға орнына жедел түрде полиция қызметкерлері келіп жетті. 

— Тәртіп сақшылары 25 жастағы қала тұрғынын ұстады. Мас күйдегі азаматтың денесінде кесілген жарақаттар бар. Алдын ала мәлімет бойынша ол өз-өзіне жарақат салған. Пышақ тәркіленіп, ер адам жедел жәрдем бригадасына тапсырылды, — деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда ер адам теміржол станциясы маңында өзіне қол салмақ болғаны хабарланған.