Өскеменде шайбалы хоккейден ІММ кубогы басталды

Фото: polisia.kz

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында ішкі істер органдары қызметкерлері арасында шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кубогына арналған республикалық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. 

Өскемен мұз айдыны үшінші жыл қатарынан еліміздің әр өңірінен келген тәртіп сақшыларын біріктіріп, хоккей бойынша тартысты бәсекенің орталығына айналды. Биыл да Шығыс Қазақстан облысы қатысушылар мен жанкүйерлерге қонақжайлылық танытты.

Турнирге 6 команда қатысады. Олардың қатарында Астана қаласы, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының құрамалары, ҚР ІІМ Күзет қызметін бақылау комитетінің командасы және жарыс иелері – ШҚО Полиция департаментінің командасы бар. 

Ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Мұз айдынында жас мәнерлеп сырғанаушылардың көрсетілімдері мен патриоттық бағыттағы өнер нөмірлері көрермендердің назарын аударды. Сонымен қатар № 35 орта мектептің «Жас сақшы» сыныбының оқушылары да шараға қатысып, ұрпақтар сабақтастығын көрсетті.

Фото: polisia.kz

ШҚО полиция департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы Болат Нұрсейітов турнирдің маңыздылығына тоқталып, құттықтау сөз сөйледі. 

– Хоккей – батылдықты, тәртіпті және шапшаң шешім қабылдай білуді талап ететін спорт түрі. Бұл қасиеттер полиция қызметінің де негізі. Турнирге қатысу – өз бөлімшесі мен өңір намысын қорғау деген сөз, - деді ол.

Фото: polisia.kz

Жанкүйерлердің қолдауы, ойыншылардың жоғары рухы және ұйымдастыру сапасы турнирдің ашылуын ерекше оқиғаға айналдырды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын шайбалы хоккейден Қазақстан жасөспірімдер құрамасы IA дивизиондағы үшінші ойынын Украинаға қарсы өткізіп, жеңіске жеткенін хабарлағанбыз.