Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде осы мәселені көтеріп, бірқатар жазбалар қалдырған. Олардың айтуынша, белгісіз біреулер домофонды есіктерді ұрлауды әдетке айналдырған. Қолданушылардың бірі 25 қаңтар күні Қазақстан көшесі, 107-үйдің подъезінен есік ұрланғанын жазады.
«Ұрлық 25 қаңтар күні кешкі 18.00 шамасында жасалған. Есікті шешіп алу үшін ұрылар біраз уақыттарын жұмсапты. Оқиға бейнекамераға жазылып қалды, бірақ қылмыскердің бет-әлпеті көрінбейді», - деді «Универсал» пәтер иелері кооперативі өкілдері.
Осыған ұқсас қылмыс Қазақстан көшесіндегі 103-үйде және Мызы көшесінде де орын алған.
«Ұрлық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, аталған іске қатысы бар адамдар іздестіріліп жатыр», - деп хабарлады ШҚО ІІД баспасөз қызметі.
Үйлердің кіре берісіндегі домофонды есіктердің бағасы кем дегенде 100 мың теңгеден басталады екен.