Өскеменде үш күн қатарынан ауадағы күкірт диоксидінің мөлшері шекті деңгейден асып отыр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында ауадағы күкірт диоксидінің рұқсат етілген шекті мөлшерден асуы үшінші күн қатарынан тіркеліп отыр.

Фото: Қала тұрғындарынан

«Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес, ластаушы заттардың ең жоғары көрсеткіші 14 қарашада тіркелген. Сол күні күкірт диоксидінің бір реттік ең жоғары концентрациясы рұқсат етілген шектен 1,87 есе асып кеткені анықталды. Сондай-ақ ауа құрамындағы күкіртсутегінің мөлшері де 1,7 есе артқан.

Кейінгі күндері жағдай біршама тұрақталғанымен, зиянды заттардың концентрациясы қалыпты деңгейге түскен жоқ.

— 15 қарашада күкірт диоксидінің мөлшері 1,12 есе, 16 қарашада 1,65 есе артты, — делінген ақпаратта.

Синоптиктердің болжамынша, 17 қарашада да қалада қолайсыз ауа райы сақталады. Тұман түскенімен жауын-шашын болмайды. Желдің жылдамдығы секундына 1-6 метр шамасында болады деп күтіледі. Мұндай метеорологиялық жағдайлар зиянды шығарындылардың атмосфераның жерге жақын қабатында таралмай, жиналуына ықпал етеді.

Айта кетейік, ластаушы заттар мөлшерінің үш күн қатарынан белгіленген нормативтен асып, ауаның ластану деңгейі жоғары болатыны болжанғанына қарамастан, «Қазгидромет» ҚМЖ-ның бірінші, екінші немесе үшінші дәрежесі бойынша ресми ескерту жарияламаған.

Бұл ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың әзірге шығарындылар көлемін қысқарту режиміне көшуге міндетті емес екенін білдіреді. Өйткені мұндай шаралар метеорологиялық қызметтен дауылды ескерту алынған жағдайда ғана іске қосылады.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде экологиялық паспортты әзірлеу бес жылға кешеуілдегені хабарланған.