Өскеменде зауыттағы жарылыстан соң ауа сапасы тексеріліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Өскемен қаласында өнеркәсіп алаңында болған оқиғадан кейін Экология департаментінің мамандары атмосфералық ауаның жай-күйін тексеруге кірісті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Фото: Pexels

— Өнеркәсіптік аймақ маңында бұлттың пайда болуына байланысты жағдайды нақтылау үшін Экология департаментінің мамандары оқиға орнына шықты. Атмосфералық ауаға шығарындыларды анықтау бойынша қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.

Өз құзыреті шеңберінде Экология департаменті санитариялық-қорғау аймағының шекарасында атмосфералық ауаның сапасына аспаптық өлшеулер жүргізіп жатыр. Өлшеу нәтижелері қосымша хабарланатын болады.

Еске салсақ, Өскемен қаласында орналасқан кәсіпорын аумағында апат болып, соның салдарынан өрт шығып, ғимараттың бір бөлігі опырылғанын жазғанбыз.