Өскемендегі ауа сапасы: зиянды заттар рұқсат етілген шектен асып кеткен

Фото: Өскемен қаласы тұрғындарынан

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында ауа сапасына қатысты тексеру жүргізіліп, зиянды заттардың рұқсат етілген шектен асып кеткені анықталды. 

4 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы экология департаментінің мамандары, «Өскемен тынысы» экологиялық бюросының өкілдері және «Байтақ» партиясының ШҚО филиалының мүшелері Өскеменде ауа сапасын тексерді. 

- Қала бойынша қолайсыз метеорологиялық жағдай жарияланған. Соған байланысты солтүстік аудандардағы өнеркәсіптік нысандардың санитарлық-қорғау аймақтарында ауа сапасын өлшеу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде кейбір зиянды заттардың рұқсат етілген шектен асып кеткені анықталды. Осыған байланысты экология департаменті ауаны ластаушы кәсіпорындарға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізуді бастайды, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен. 

Фото: ШҚО экология департаментінен

Ауа жағдайына жедел мониторинг жасап отыру үшін осындай тексерулер тұрақты түрде жүргізілмек. 

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да Экология департаментінің екі басшысы парамен ұсталғаны хабарланған.