ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында ауа сапасының бұзылуына себеп болып тұрған қолайсыз метеорологиялық жағдай қараша айының соңына дейін созылады. ШҚО экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қалада ертең де қолайсыз метеорологиялық жағдай күтіледі. Сондықтан халыққа әлі де далаға көп шықпауға кеңес берілді.
«Өскеменде 20 қарашадан бері қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқан. Осыған байланысты ауа тұманданып тұр. ҚМЖ қараша айының соңына дейін созылады», - дейді департамент басшысының міндетін атқарушы Азамат Тәуірбеков.
Айта кетейік, 29 қарашада шаһар мектептеріндегі бірінші және екінші ауысымдағы 1-11 сынып оқушылары онлайн форматқа ауыстырылған.
Еске салсақ, осыған дейін Өскемендегі Назарбаев даңғылында орналасқан Достық үйі мен Гагарин бульвары көшесінің маңындағы тұрғын үйлердің халқы ауа сапасының нашарлап кеткеніне шағымданған.
Экологтар тексеру жүргізген соң хлорсутегінің шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кетуі тіркелген.
Кеше тағы да өскемендіктердің ауа сапасына шағымданғаны хабарланды.
Бүгін қала мектептерінде оқушылар онлайн форматқа ауыстырылды.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.