Өскемендегі перзентханада пациенттердің барлығы өз таңдауын жасады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласындағы Ана мен бала орталығында орналасқан арнайы сайлау учаскесінде мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына барлық пациент алғашқы сағаттарда-ақ дауыс беріп үлгерді. Ал түн ортасынан бері перзентханада екі сәби дүниеге келді.

Фото: Рустем Мухамедияров / Kazinform

Медициналық мекемедегі 202 сайлаушының барлығы өз таңдауын жасаған. Оның 90-ы перзентханада жатқан әйелдер болса, 112-сі балалар стационарында сәбилерімен бірге ем қабылдап жатқан аналар.

Жақында босанған немесе денсаулық жағдайына байланысты палатадан шыға алмайтын пациенттер үшін сайлау комиссиясының мүшелері жылжымалы дауыс беру жәшіктерін алып, бөлімшелерді аралаған.

— 29 қараша күні түн ортасынан бері дәрігерлеріміз екі әйелді босандырды. Дүниеге екі дені сау ұл бала келді. Ал соңғы тәулікте Ана мен бала орталығының мамандары барлығы 12 сәбидің өмірге келуіне көмектесті. Оның жетеуі — ұл, бесеуі — қыз, — деді орталықтың бас акушері Ирина Носакова.

Қазір дәрігерлер күн соңына дейін дүниеге келеді деп күтіліп отырған тағы алты сәбидің босануына дайындалып жатыр.

Еске салсақ, осыған дейін Оралда сайлаушылар үшін «Алаш» ансамблі өнер көрсеткені хабарланған.