Оралда сайлаушылар үшін «Алаш» ансамблі өнер көрсетті
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында сайлау учаскелеріне келген тұрғындар үшін «Алаш» этно-фольклорлық ансамблінің қатысуымен мәдени іс-шара ұйымдастырылды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінен мәлім еткеніндей, концерт Зачаган кентіндегі Жәңгір хан көшесі, 67Н мекенжайында орналасқан №53 жалпы орта білім беретін мектептің аумағында өтіп жатыр. Аталған жерде № 403, 216 және 248 сайлау учаскесі орналасқан.
Музыкалық қойылым дауыс беру күні сайлаушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлау және көтеріңкі атмосфера қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шара қонақтары қазақтың халық әндері мен дәстүрлі әуендерін тыңдап, ұлттық музыкалық өнердің бай мұрасымен танысуға мүмкіндік алды.
Мұндай бастамалар дауыс беру күнін мәдени мазмұнмен толықтырып, тұрғындар үшін мерекелік әрі жағымды атмосфера қалыптастыруға ықпал етеді.
Орал қаласы аумақтық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша облыс орталығында 24 округтік, 136 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істеп жатыр.
Оралда барлығы 240 774 сайлаушы тіркелген.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 488 сайлау учаскесінде тұрғындар дауыс беріп жатқанын жазған едік.
Сондай-ақ Оралда егіз сарбаздар алғашқылардың қатарында дауыс берді.