Оралда егіз сарбаздар алғашқылардың қатарында дауыс берді

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы Ұлттық ұланның 5517-әскери бөлімінде орналасқан № 479 сайлау учаскесіне егіз сарбаздар Ришат пен Рафхат Құспанғали алғашқылардың бірі болып келді.

Оралда егіз сарбаздар алғашқылардың қатарында дауыс берді
Фото: ҚР Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Атырау қаласының тумалары бүгінде Отан алдындағы әскери борышын Оралда өтеп жүр.

Олар ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан тыс қалмай, таңғы сағат 06.00-де жұмысын бастаған сайлау учаскесінде азаматтық таңдауларын жасады.

Егіз жауынгерлер үшін дауыс беру — жай ғана сайлау рәсімі емес, ел болашағына деген жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның көрінісі.

Оралда егіз сарбаздар алғашқылардың қатарында дауыс берді
Фото: ҚР Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Ұлттық ұлан сарбаздары әскери қызметте жүрсе де, өздерінің конституциялық құқықтарын пайдалануды маңызды міндет санайтындарын жеткізді.

Дауыс беру рәсімінен кейін Ришат пен Рафхат және өзге де әскери қызметшілер жауынгерлік қызметке кірісіп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бірмандаттық сайлау округтері бойынша 551 кандидат тіркелгенін жазған едік.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда 488 сайлау учаскесінде тұрғындар дауыс беріп жатқаны хабарланды.