«Ем іздеп қалаға кетеміз»
Шығыс кентінде тұратын халықтың дені — қандастар. Ондағы үйлер де мемлекеттік бағдарлама аясында шекара асып, отанына оралған азаматтарға арналып салынған.
Кенттің кезіндегі атауы Нұрлы көш болған. Қазір ел арасында әлі де бұл жерді Шығыс емес, Нұрлы көш дейтіндер аз емес.
Жергілікті жұрт өздерін әкімдіктің назарынан тыс қалғандай сезінеді. Себебі олардың айтуынша, қала әкімі соңғы 6 жылда осында бір рет қана келген.
— Кентке ауыл мәртебесі берілмегендіктен мектептегі мұғалімдерге үстемеақы қарастырылмаған. Соның зардабын ұстаздар шегіп отыр. Сондай-ақ амбулаториялық пункте дәрігер жоқ. Сырқаттанып қалғандар ем іздеп қалаға бет түзейді. Медицина қызметкерлеріне емес, емшілерге де қаралып кетеді, — дейді тұрғындар.
Шығыстықтар балабақшаға апаратын жол қардан тазаланбайтын жеткізді. Соның салдарынан таңертең көліктер жүре алмай, ата-аналар балаларын жаяу тасуға мәжбүр.
Ауыл мәртебесі беріле ме?
Осы мәселелердің қашан және қалай шешімін табатынына қатысты Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов жауап берді.
— Шығыс кентін Ново-Явленка ауылына қосып, ауыл мәртебесін беруге болады. Сонда мәселе шешіледі. Мен осы туралы ШҚО білім басқармасының басшысына айтып, «егер солай істесек, заң бойынша ондағы мұғалімдер үстемеақы ала ала ма?» деп сұрадым. Ол «иә. Қағаз жұмыстары аяқталған соң үстемеақы төлеу жағы оңай шешіледі» деп жауап берді, — дейді ол.
Сондай-ақ әкім өз сөзінде кенттегі жолға жауапты мердігермен сөйлесіп, балабақшаға апаратын жолды қардан тазалатып отыратындығын айтты.
— Дәрігер жоқтығына қатысты айтар болсақ, ең әуелі кентке келетін медициналық мамандарды табу қажет. Ал әкімдік ол дәрігерді баспанамен қамтуға дайын, — деп жауап берді Алмат Ақышов.
Оның айтуынша, алдағы уақытта Шығыс кентінде жылу қазандығы салынуы мүмкін.
— Қазір осыған қатысты талқылау жүріп жатыр. Бұл көмір жағатын жер үйлерді азайтып, қаланың экологиялық жағдайын жақсарту үшін де маңызды, — деді қала әкімі.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-дағы көппәтерлі үйлер 30 жылдан соң орталық жылу жүйесіне қосылғанын жазғанбыз.