Өскемендегі жылу орталығында былтыр ақау шыққан қазандық күзде жөнделіп бітеді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласындағы жылу электр орталығында былтыр ақау шыққан қазандық күзге дейін жөнделіп бітеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Былтыр қараша айында Өскемендегі жылу электр орталығынан ақау шыққан болатын. Датчиктердің дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты №15 қазандық өшіп қалған.

Алдағы жылыту маусымында осындай жағдай қайталанбас үшін аталған қазандық жөндеуден өтуде. Бүгінде жөндеу жұмыстарына мердігер ұйымның 40-тан астам адамы жұмылдырылған.

«Барлығы жоспарға сәйкес жүргізілуде. Кестеден ауытқушылық жоқ. №15 қазандық қазан айының басында жөнделіп бітеді. Жылыту маусымы қыркүйектің соңында басталуы мүмкін. Бірақ бұл жылу берілуіне ешқандай әсер етпейді. Барлығы қалыпты режимде болады», - дейді «Өскемен ЖЭО» ЖШС техникалық директоры Нұрлан Ахмеджанов.

Оның айтуынша, жылу орталығында қажетті көмір қоры бар. Қосымша көмір қыркүйек айында жеткізіле бастайды.

Еске салсақ, осыған дейін Риддер жылу орталығындағы жөндеу жұмыстарына 200-ден астам адам тартылғаны хабарланған.