ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Өскемен іргесіндегі Согра ЖЭО-да жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары жылыту маусымы басталғанға дейін толық аяқталады.
«Бұл орталық 2018 жылы жеке меншікке берілген. Сол кезде жабдықтардың 85 пайыздан астамы тозып тұрған еді. Қазір мұнда екі қазандықты күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Үшінші қазандықта, екі турбинада және екі трансформаторда жұмыстар аяқталуға жақын. Барлық қажетті жабдықтар өткен жылдың желтоқсанында жеткізілген. Сондықтан, кестеден кешігу жоқ», - делінген ақпаратта.
Қазір жылу электр орталығында 44 мың тонна қатты отын бар. Бұл 42 күнге жетеді. «Қаражыра» көмір разрезімен жеткізу туралы шарттар жасалды. Жылыту маусымы басталғанға дейін көмірге тәуліктік қажеттілік - 735 тонна, ал суық маусым басталғанда - 1 065 тонна.
Еске салсақ, осыған дейін Риддер жылу орталығындағы 4 қазандық 20 қыркүйекке дейін іске қосылатындығы хабарланған.