Өскеменнің ауасы қашан тазарады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен тұрғындарының бұрыннан бері қайта-қайта көтеріп келе жатқан мәселесі — экологияның жай-күйі. Kazinform тілшісі бұл түйіні тарқатылмаған түйткілдің қазіргі ахуалына үңіліп көрді.

Фото: қала тұрғындарынан

Ауаны ластайтын қанша кәсіпорын бар?

Өскемендіктерден экология туралы сұрағанда бәрі бірауыздан ең әуелі кәсіпорындардан ауаға тарайтын зиянды шығарындыларды айтады. 

— Өзім Бажов көшесінде тұрамын. Жергілікті жұрттың тілімен айтқанда «газдың ортасында» күн кешіп жатырмыз. Себебі жақын маңда Казцинк зауыты орналасқан. Желсіз күндері тіптен қиын. Балаларымыз да, өзіміз де жөтеліп, ыстығымыз көтеріліп, өне-бойымызды әлсіздік басады. Осылай құтты күні желдің соғуын тілеп жүреміз, — дейді Әсем есімді қала тұрғыны. 

Расымен де қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқан күндері түтін шаһар көшелерін тұмшалап алады.

Сол кезде желіде түрлі видеолар мен кәсіпорындарда апат болғаны жайлы фейктер ауық-ауық тарап тұрады. 

P. S. Осы мамыр айында Титан магний комбинаты орналасқан шағын ауданды түтін басқанда халық тағы шулаған еді. Желіде әдеттегідей түрлі қауесет тарады.

Сол кезде экологияға қатысты жедел штаб жиналыс өткізіп, ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл оқиға осындай жағдайлар туындағанда қалай әрекет етудің кезең-кезеңімен жүзеге асатын алгоритмін әзірлеу қажеттігін көрсеткенін жеткізген.

Шынында да төтенше жағдай кезінде кәсіпорындар мен құзырлы органдар тарапынан нақты әрі уақтылы ақпарат берілсе, ел арасында дүрбелең тумайтыны анық. Еспе сөзден шаршаған өскемендіктер осы тұрғыда да тиісті жұмыс қолға алынады деп үміттенеді. 

Еске салсақ, осыған дейін Алакөл жағасындағы туризм экологияны қалай бүлдіріп жатқанын жазғанбыз.