Балаларды марапаттау Астанадағы Оқушылар сарайында өткізілді. Салтанатты шара кезінде Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Анастасия Пхендаға (Қарағанды облысы), Ұлдана Советке, Бағдат Имранға (Ақмола облысы), Кәмшат Байғозыға (Ақтөбе облысы), Никита Черновқа, Ардақ Сүлейменовке, Ердәулет Келгеновке (ШҚО), Зейнеп Қабылбек Зейнепке (Павлодар облысы), Демежан Алтай мен Нұрман Әлібаевқа (ОҚО), Кондрат Мильге, Кирилл Семенов, Данил Семенов, Евгений Самойловқа (Алматы қаласы) «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» кеуде белгісі мен естелік ойыншықтарды сыйға тартты.
Балалардың батылдығына еріксіз таңдай қағуға болады. Мәселен, Анастасия Пхенда 9 жасында-ақ бес жасар баланы батпақтан көтеріп алып шықса, одан бір жыл бұрын тағы бір қызды ағаштан түсіріп алып, тағы бірін автокөлік қағып кете жаздаған жерінен сақтап қалған. Ал Ұлдана Совет болса өрт шыққан үйінен өзінің қарындастары мен бауырын сыртқа алып шыққан. Ал Бағдат Имран құдыққа түсіп кете жаздаған баланы соңғы секундтарда құтқарып, өзі құдыққа түсіп кеткен. Кәмшат Байғозы өртенген үйдің терезесіне сындырып, сыртқа екі баланы алып шыққан. Ал Никита Чернов атты бала суға кете жаздаған баланы құтқарып алған. Шығысқазақстандық Ардақ Сүлейменов пен Ердәулет Келгенов мұзды суға кеткен кішкентай баланың дауысын естіп қалып, күннің суықтығына қарамастан, суға түсіп баланы алып шыққан.
«Бұл балалардың батыл әрекеттері, қысылтаяң шақтағы шұғыл реакциялары құрметке әбден лайық. Келешекте бұл өрендердің барлығы құтқарушы мамандығын таңдар деген үміттеміз», - делінген хабарламада.