«Отан сақшысы» газетіне 80 жыл

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің «Отан сақшысы – Часовой Родины» ведомстволық газетіне 80 жыл, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомство сайтына сілтеме жасап.

Фото: ҰҚКі Шекара қызметінің баспасөз қызметі

Осыған орай, ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында мерекелік іс-шара өтті. Редакцияның шығармашылық ұжымын мерейтойымен Шекара қызметі директорының орынбасары, полковник Дәулет Дүйсембеков, «Застава тарландары» республикалық ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-майор Тұрсын Уажанов, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп, ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, газеттің ардагерлері – отставкадағы полковниктер Василий Шупейкин мен Сағидолла Сихымбаев құттықтады.


«Биыл Отан сақшысы – Часовой Родины» газетінің құрылғанына 80 жыл толды. Шекара сақшыларының газеті – ертеден келе жатқан әскери басылым. Әу бастан шекара газеті жасыл күнқағар киген адамдардың өмірінде зор маңызға ие болды және оқырмандардың серігіне айналды. Айтулы күні газеттің шығармашылық ұжымына денсаулық, бақыт және отбасылық амандық тілеймін! Біздің редакцияңыздың даңқты дәстүрлері ұзақ жылдар бойы сақталатынына сенімдімін», - деді құттықтау сөзінде полковник Д. Дүйсембеков.

Мереке қарсаңында Шекара қызметі мен газет тарихындағы естелік және маңызды оқиғаларға арналған «80 жылдық шежіре» кітабының тұсаукесері өтті. Шығармада еліміздің шекара заставаларын аралаған соғыс тілшілерінің қызықты және әсерлі естеліктері сипатталған.


Қызметтік міндеттерін адал орындағаны, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін, сондай-ақ 80 жылдық мерейтойға орай грамоталармен, «Отан сақшысы – Часовой Родины» газетіне 80 жыл» мерейтойлық белгілерімен және бағалы сыйлықтармен газеттің әскери қызметшілері, ардагерлер мен өзара іс-қимыл жасайтын құрылымдардың өкілдері марапатталды.


Сонымен қатар, «Мемлекет шекарадан басталады» фотобайқауының қорытындысы шығарылды. Бұл іс-шара ҰҚК ШҚ әскери қызметшілері арасында жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу және ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру мақсатында өткізілді.

Іс-шара Шекара қызметі ән және би ансамблі бөлімінің концерттік бағдарламасымен аяқталды.