Отандасының төлқұжатымен Қазақстан арқылы Ресейге өтіп кетпек болған қырғыз азаматы ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбе шекара отрядының «Жайсаң авто» бақылау бөлімшесінде шекара наряды Қазақстаннан Ресейге кетіп бара жатқан «Мерседес» автобусынан 43 жастағы қырғыз азаматын түсіріп алып қалды. Тексеру барысында анықталғандай, ол Ресейге кіруге тиым салынған адамдар тізімінде екен, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен.

Бұл адам өз мақсатына екі елдің шекарашыларын алдап соғумен қол жеткізбек болған. Атап айтқанда, өзіне суреттегі түрі ұқсайтын 35 жастағы отандасының төлқұжатын алып алған. ҚР Қылмыс кодексінің 392-бабының 1-тармағы бойынша жазаланатын бұл қылмыстық іс бойынша ол енді 100 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлға немесе бір жылға бас бостандығынан айыра отырып, біздің елдің аумағына бес жылға дейін келуге тиым салуға кесілуі мүмкін.