Отандық кәсіпорындардан сатып алу шарттарын бұзғандарға жауапкершілік енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Отандық кәсіпорындардан сатып алу шарттарын бұзған жер қойнауын пайдаланушыларға жауапкершілік енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектеновтің сауалына жауап берген Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлім етті.

Фото: Үкімет

Отырыста Үкімет басшысы министрден: «Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу көлемі өте ауқымды. Бұл бағытта қалай өзіміздің отандық кәіпорындарды қолдаймыз?», - деп сұраған еді.

Сауалға жауап берген министр өткен жылы осы бағытта екі өте маңызды өзгеріс енгізілгенін айтты.

- Біріншісі, әр жер қойнауын пайдаланушы стандартқа сай емес тауарларды тек тізілім платформасы арқылы сатып алады. Осы процесті министрлік бақылайды, қадағалайды. Екіншісі, локализацияны дамыту бағдарламасы енгізілді. Енді әр жер қойнауын пайдаланушы өз бағдарламасын әзірлейді. Содан кейін министрлікпен келіседі. Қазіргі уақытта шамамен 60-тан астам бағдарлама бар, әзірленді. Алдағы уақытта оларды лицензияға енгізуді жоспарлап отырмыз. Егер талаптар бұзылса, міндетті түрде жауапкершілік көзделеді. Осы жұмыс министрліктің қатаң бақылауында болады, - деді Ерсайын Нағаспаев. 

Елімізде отандық өндірісті дамыту аясында мыс балқыту зауыттарын салу, автомобиль және теміржол машина жасау салаларында өндірістік кластерлер құру, сондай-ақ құрылыс материалдарының ішкі нарықтағы үлесін 80 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр.