— Қазақстанда өңдеу өнеркәсібін ынталандырудың кең ауқымды тетіктері қолданылады. Бірақ, жобалардың өмірлік циклінің әртүрлі кезеңдерінде олардың арасында кейде алшақтықтар сақталып отыр. Біріншіден — инфрақұрылым мен қаржыландыру арасында. Инфрақұрылым мемлекет қаржысына салынады, алайда қаржыландырудың жоқтығынан өндірісті іске қосу кейінге шегеріледі. Кейде керісінше жағдай да кездеседі. Сонымен қатар «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң офтейк-келісімшарттарды кепіл ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Дегенмен, іс жүзінде бұл тетік кәсіпорындардың несие алуына әрдайым жол аша бермейді, — деді ол.
Депутаттың айынша, екінші алшақтық кәсіпорынды іске қосу мен оның жобалық қуатына шығуы арасында орын алады. Мемлекеттік қолдау көбіне құрылыс жүргізу және жабдық сатып алу кезеңінде аяқталады. Ал одан кейін кәсіпорынға айналым қаражаты, шикізат пен кадрлар қажет. Бұларсыз өндірістік қуат толық жұмыс істемейді. Шикізат мәселесі кейде ірі кәсіпорындарда да туындайды.
— Проблема туындайтын үшінші кезең — өндірісті құру мен өнімді өткізуді қамтамасыз ету арасындағы алшақтық. Мемлекет басшысы 2026 жылғы Жолдауында Үкіметке жыл соңына дейін офтейк-келісімшарттар арқылы отандық өнімге кепілді сұранысты қамтамасыз ету жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды. Бұл тетік формалды міндеттемелерді ғана емес, қазақстандық өндіріс орындарының нақты жүктемесін қамтамасыз етуі маңызды, — деді Наталья Годунова.
Ол мемлекеттік қолдаудың түпкілікті нәтижелерін бағалаудың жеткіліксіздігіне де назар аудартты.
— Заңнамада өнеркәсіпті мемлекеттік қолдаудың тиімділігін жыл сайын бағалау көзделген. Алайда оның нәтижелері мемлекеттік ресурстарды қайта бөлуге және өнеркәсіп саясатын түзетуге неліктен жеткілікті деңгейде ықпал етпейді деген сұрақ туындайды. Бұдан бөлек, сапалы дайындалған инвестициялық жобалар тапшылығы да байқалады. Ортақ мәселе — түпкілікті нәтижеге жауапкершіліктің бірізді жүйесінің болмауы. Әртүрлі мемлекеттік органдар мен даму институттары қаржыландыру, инфрақұрылым, шикізат және өнім өткізу мәселелеріне жауап береді. Бірақ, іс жүзінде жобаны бастаған кәсіпкер өндірісті жобалық қуатына шығаруға кедергі келтіретін мәселелермен көбіне жалғыз өзі бетпе-бет қалады, — деді депутат.
Бұған дейін ол ішкі тұтынудағы отандық өнім үлесінің қалай өзгеріп жатқанын бірде-бір мемлекеттік орган бақыламайтынын айтқан еді.