Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Ақтөбе облысы әкімдігі мен «Руская медная компания» ЖАҚ, «Восход-Oriel» ЖШС келісімге қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысының әкімдігі, өңірдегі өндіріс орындары мен кәсіподақ ұйымы жыл сайын үшжақты келісімшартқа қол қояды.
Бұл жолы Хромтау ауданындағы «Руская медная компания» ЖАҚ холдингі құрылымына кіретін «Ақтөбе мыс компаниясы» және «Коппер Технолоджи» ЖШС есеп берді. Өткен жылы мыс кенін өндіру мен мыс концентраты өндірісі төмендеген. Соған қарамастан компания ұжымдық келісімшарт талаптарын орындаған. Жұмысшылардың еңбекақысы 3 пайызға өсті.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев атап өткендей, Мемлекет басшысы ел халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында және жақында ғана өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде бірқатар тапсырмалар жүктеді.
«Негізгі тапсырмалардың бірі - барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер 2016 жылғы деңгейден төмен болмауы тиіс. «Ақтөбе мыс компаниясы» - 10 жыл шамасында жұмыс істеп келе жатқан облыстағы ең ірі компаниялардың бірі. Облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері көп жағдайда осындай кәсіпорындардың қызметіне байланысты, сондықтан да біз сіздердің тұрақты жұмыс істеулеріңізге мүдделіміз. Жалпы алғанда, 2016 жылдың қорытындысы бойынша компания кейбір төмендеулерге қарамастан, алға қойылған міндеттерді орындады»,- деді ол.
«Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Хромтау қаласында заманауи спорт кешенін және Ақтөбе қаласында балабақша салып беретін болды. Ал Хромтаудағы «Восход-Oriel» ЖШС-ның қаржысына аудан орталығында Мәдениет үйі бой көтереді.
Компанияның бас директоры Серік Ибатовтың айтуынша, 2016 жылы жұмысшылардың еңбекақысы 10%-ға өскен. Алайда, хром кенін өндіру мен хромды концентрат өндірісі төмендеді.