Отарда жағы сынған сарбаз ісі: борыштас жауынгердің үстінен қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. KAZINFORM – Отардағы әскери бөлімде соққыға жығылып, жағы сынған сарбаз Есбол Қапардың ісі бойынша күдікті анықталды. ҚР Қорғаныс министрлігіндегі дереккөзіміздің мәліметінше, жарақат алған жауынгермен бірге борышын атқарып жүрген басқа бір сарбаздың үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Күдіктінің Қызылордада тұратын анасы ұлын Отардағы әскери бөлімге іздеп барған. Алайда казармадан баласын таппайды. Оның түсірген видеосын журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
– «Екі сарбаз төбелесті» деген ақпарат бойынша, екінші сарбаздың анасымын. Отар қаласына келдім де, бірден казармаға бардым. Казармада балам жоқ. Ал жағы сынған сарбаздың ата-анасы келсе, ұлын пәтерден табады. Бұл не деген сұмдық?! Біз балаларымызды әскерге әскери борышын өтеуге жіберген едік. Сотталу үшін не осылай таяқ жеу үшін жібердік пе?! Мұны қалай түсінуге болады?! Не істеуге болады?! – дейді айыпталушы сарбаздың анасы.
Еске салайық, бұған дейін оқиғаның мән жайын толық жазғанбыз. Зардап шеккен сарбаздың туыстары таратқан ақпаратқа сай, оны сержант темірмен ұрып, жағын сындырған. Алайда сержанттың өзі мұны жоққа шығарып, жарақат алған сарбаз өзі секілді қатардағы жауынгермен төбелескенін айтқан еді.
Ал ҚР Қарулы Күштері әскери полициясы бас басқармасы әскери қызметшіге қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген болатын.
Сонымен қатар, бұған дейін Отардағы әскери бөлімде жағы сынған сарбаздың жағдайы туралы жазғанбыз.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Отарда жағы сынған сарбазға қатысты пікір білдірді.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі осы оқиғаға байланысты үш командир мен орынбасары қызметінен босатылғанын мәлім етті.