Отбасы банк Алматыдан Астанаға көшіп жатыр — ақау себептері
АСТАНА. KAZINFORM — Отбасы банкі өз сервистерінде уақытша ақау байқалғанын және ол техникалық іс-шаралардың жүргізілуіне байланысты екенін мәлімдеді.
Банктің хабарлауынша, 2025 жылдың 31 желтоқсаны мен 2026 жылдың 2 қаңтары аралығында банкте қаржы жылын жабу жұмыстары жүргізілген.
— 2026 жылдың 3 қаңтарында сағат 03:00–де негізгі деректерді өңдеу орталығының есептеу қуаттарын Алматыдан Астана қаласына көшіру бойынша жоспарлы жұмыстар басталды. Бұл процесс сервистердің тоқтап қалуын барынша азайту мақсатында демалыс күндеріне жоспарланған еді. Банк құрамында 40 сервер, 10 деректерді сақтау жүйесі және 6 желілік жабдық бар. Банк 10 технологиялық жабдық сөресін көшірді, — деп жазылған ресми мәлімдемеде.
Жабдықтарды банк қызметкерлерінің өзі тасымалдаған, мердігерлер мен қосымша сервистерді тартылмаған. Бұл шығындарды оңтайландыру және қаражатты үнемдеу мақсатында жасалды.
Серверлік жабдық пен дискілік массивтер суық мезгілде тасымалданғандықтан, жеткізілгеннен кейін жабдықтар нормативтік температуралық көрсеткіштерге жеткенше арнайы орындарға орналастырылды.
Монтаждау және іске қосу кезең-кезеңімен жүргізіліп, әрбір жүйе бойынша қосылымның дұрыстығы, жұмыс тұрақтылығы және деректердің тұтастығы тексерілді.
— Жүйелерді 2026 жылдың 5 қаңтарында сағат 09:00–ге дейін іске қосу жоспарланған еді. Алайда қосымша баптау мен тексеру қажет болып, жүйелерді іске қосу кешіктірілді. Сағат 15:00–дегі жағдай бойынша банк Colvir автоматтандырылған банктік ақпараттық жүйесін (АБИС), төлем жүйесін, BPM, BPM 2.0, CRM, 300 нөмірі бойынша кіріс қоңырауларын өңдеу жүйесін, сондай-ақ бірқатар негізгі ішкі ақпараттық жүйені іске қосты, — деп түсіндірді Отбасы банк.
Қазіргі уақытта цифрлық қызмет көрсету каналдары кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр. Алдағы уақытта барлық маңызды ақпараттық жүйе толық қалпына келтіріп, банктің қалыпты режимде жұмыс істеуі жоспарланып отыр.
Банк жүйелердің жұмыс қабілетін тұрақты бақылауда ұстап отыр. Маңызды ақаулар, деректердің жоғалуы немесе ақпараттық ресурстардың тұтастығының бұзылуы тіркелген жоқ. Барлық қызметті қалыпты режимде қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Клиенттер 2026 жылдың 1, 2, 3, 4, 5 және 6 қаңтар күндеріне жоспарланған кредиттер бойынша ай сайынғы төлемдерді 2026 жылдың 7 қаңтары сағат 20:00–ге дейін төлей алады. Бұл ретте банк оны мерзімі өткен берешек ретінде есептемейді және өсімпұл есептемейді. Бұл кезеңдегі мерзімінен кешіктірілген төлемдер туралы ақпарат кредиттік бюроға жіберілмейді.
Бұған дейін Отбасы банк қосымшасы мен enpf-otbasy порталы уақытша істемей тұрғанын жазған едік.