Отбасы банк қызметтерінің 70 пайызы цифрлық форматқа көшті

АСТАНА. KAZINFORM — Отбасы банк биылдан бастап қызметтерінің басым бөлігін цифрлық форматқа көшіріп, жасанды интеллект технологияларын енгізуді қолға алды. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкастында «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жансұлтан Матай айтты.

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

— 2026 жылдан бастап Отбасы банктің операцияларының шамамен 70 пайызы цифрлық форматқа көшті. Қазір мобильді қосымша мен портал арқылы ипотека рәсімдеудің және банк қызметтерінің басым бөлігі онлайн көрсетіледі. Сонымен қатар тұрғын үйді үлестіру процесі толық автоматтандырылған. Жүйе азаматтың қай санатқа жататынын, кезекке қашан тұрғанын, отбасы құрамын және басқа да мәліметтерді өзі саралап, шешім қабылдайды, — деді Жансұлтан Матай.

Оның айтуынша, банкте жасанды интеллект бағытындағы арнайы департамент құрылған. Қазір технология ең алдымен тұрғындардан келіп түсетін өтініштерді өңдеу процесіне енгізіліп жатыр.

— Отбасы банкке тұрғын үй мәселесіне қатысты жыл сайын 100 мыңнан астам өтініш түседі. Жасанды интеллект қайталанатын сауалдарды анықтап, жауаптар базасынан қажетті ақпаратты іріктеу арқылы азаматтарға жауап беру мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді, — деді сарапшы.

Алдағы уақытта мобильді қосымша арқылы тұрғын үй кезегіне тұру, кезектегі мәртебені бақылау, ұсынылған баспанаға келісім беру және отбасы мүшелері туралы мәліметтерді жаңарту сияқты қызметтерді толық онлайн көрсету жоспарланып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін, скорингсіз ипотеканы қалай алуға болатынын жазған едік.