Отбасы банкінде кезекте тұрған 350 мың азамат 10 жылда баспаналы болады

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл «Отбасы» банкінде кезекте тұрған 25 мың азамат баспаналы болады. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты.

Фото: Midjourney

– Бізде кезекте тұрған 395 мың азаматтың құжаттарын алдық. Олар түгендеуден өтіп, 350 мың азаматтың деректерін ақпараттық базадан тексердік. Өткен жылы 19 850 пәтер берілді. Біздің жоспарымыз бойынша биыл кезекте тұрған 25 мың отбасы баспаналы болады. Кезекте тұрған 350 мың азамат 10 жылдың ішінде баспаналы болады деп сенеміз, - деді Ләззат Ибрагимова Үкімет отырысынан кейін.

Айта кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында еліміз бойынша 960 мың адам тұрғын үйге мұқтаж екенін атап өткен еді.