Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу бағытында Германия тәжірибесі іске асырылмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу бағытында Германия тәжірибесін іске асыру жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы қоғаммен бірлесіп, Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын, әзірлеуді тапсырды. Бұл тұжырымдама келер бес жылда жүзеге асырылады. Оның басты ерекшелігіне тоқталсақ, құжат қоғамдық қауіпсіздік саласындағы қордаланған жүйелік проблемалардың себептерін жоюға бағытталған. Бұл тұрғыда мемлекеттік органдардың әрекеттері дұрыс үйлестірілмеген. Оны ретке келтіру үшін біз Германияның тәжірибесін зерттедік. Бұл елде тиісті мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар отбасындағы зорлық-зомбылық себептерін анықтауға қатысады», - деді Р. Зұлқайыров онлайн брифингіде.

Оның айтуынша, отбасында жанжал болса, полиция қызметкерлерін кінәлі адамды тоқтатып, қылмыскерді жауапқа тартып, жедел және сапалы тергеу амалдарын жүргізуі тиіс. Одан әрі тиісті орталықтар психологтарды тарта отырып, болған оқиғаның себебін анықтайды. Бұл жанжалға жұмыссыздық себеп болса, мәселені шешуге жұмысқа орналастыру бойынша әлеуметтік қызметтер де қосылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкіметте өткен кеңесте қоғамдық қауіпсіздікті азаматтық қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қаралды.