Өткен аптада ел аумағында үш мың қылмыс тіркелген

АСТАНА. ҚазАқпарат – Өткен аптада Қазақстан аумағында үш мың қылмыс жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің онлайн-брифингісінде ведомство өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті.

«Елдегі криминогендік жағдайға тоқталсақ, бір апта ішінде 3000 қылмыс жасалды, оның 1849-ы тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 7 кісі өлтіруді, 4 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 1 қарақшылық, 31 тонау және 435 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты», - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Сонымен бірге, ҚР ІІМ шетелдіктердің көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды анықтауға бағытталған «Мигрант» операциясын қорытындылады. Операцияның 8 күнінде 9 213 көші-қон заңнамасын бұзушылық анықталды. Оның ішінде 5 113 шетелдіктердің елде болу мерзімін бұзуымен байланысты.