Кубокты қай команда алады?
Футболдан Қазақстан кубогының жартылай финалына жолдама алған командалар анықталды.
Елордада «Астана» Түркістан облысының «Мақтааралын» 1:0 есебімен жеңді. Ал «Тараз» бен «Шахтер» негізгі және қосымша кезеңде 1:1 есебімен тең түсіп, пенальтиде тараздық клуб мүлт кеткен жоқ.
Тағы бір кездесуде алматылық «Қайрат» өз алаңында «Ақжайыққа» 1:2 есебімен жол берді. Қызылордада жергілікті «Қайсар» Шымкенттің «Ордабасы» клубымен негізгі және қосымша кезеңінде 1:1 есебі тең түсіп, пенальтиде шымкенттік клубтың жолы болды
Енді 19 қазанда жартылай финалда «Астана» мен «Ордабасы», «Ақжайық» пен «Тараз» кездеседі.
Қазақстан кубогы 1992 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінге дейін аталған кубокты «Қайрат» 10 мәрте төбесіне көтерді.
«Сарыарқа» - үшінші мәрте жеңімпаз
Қарағандылық «Сарыарқа» шайбалы хоккейден Қазақстан кубогының биылғы иегері атанды. Аталған клуб финалда Көкшетаудың «Арланын» 3:0 есебімен тізе бүктірді. Нәтижесінде қатарынан үшінші мәрте кубокқа қол жеткізді.
Биылғы 10 қыркүйекте шайбалы хоккейден Қазақстан біріншілігі басталады. Онда барлығы 12 команда бақ сынайды деп күтілуде. Біріншілік барысында «Ақтөбе», «Алматы», «Арлан», «Бейбарыс», «Горняк», «Ертіс», «Кұлагер», «Номад», «Сарыарқа», «Снежные Барсы» және «Торпедо» сайысқа түседі.
Сондай-ақ, елордалық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы ойынын өткізді.
Бұл жолы сырт айдында Беларусьтің «Динамо» (Минск) командасымен шеберлік байқасты. Кездесуді беларусьтік команда белсенді бастады. Нәтижесінде олардың қатарынан Дмитрий Соколов 8, Ник Меркли 21-минутта мергендігімен көзге түсті.
Екінші кезеңнің 36-минутында «Барыс» хоккейшісі Антон Сагадеев есеп айырмасын қысқартты. Ол 41-минутта таразы басын теңестірді. Кездесудің 46-минутында қазақстандық Әділ Бекетаев елордалық клубты алға шығарды. Ал 58-минутта «Динамо» хоккейшісі Брэндон Козун көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Осылайша екі команда негізгі кезеңде 3:3 есебіне қанағат білдіріп, ойын овертаймға ұласты. Овертмайда да жеңімпаз анықталған жоқ. Буллитте «Динамоның» жолы болды.
Жәнібек Әлімханұлының қарсыласы кім?
WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (12-0, 8 КО) Бүкіләлемдік бокс ұйымы рейтингісінің үшінші сатысында тұрған бразилиялық Эскива Фалькаомен (30-0, 20 КО) жекпе-жек өткізуге келісті.
Бір күн бұрын Фалькао Әлімханұлына жекпе-жек өткізуге кезекті ұсыныс білдірді. Жауап ретінде «Қазақ стилі» Фалькаоға нақты ұсыныс болған жағдайда Эскивамен айқасуға қарсы емес екенін айтып, оның командасымен осындай жекпе-жекті талқылауды ұсынды.
Сондай-ақ, қазақстандық боксшы Дәурен Елеусінов (10-2-1, 9КО) Алматыда өтетін бокс кешінде ойын көрсетеді.
ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасында мәлім етілгендей, бокс кеші 2 қазан күні Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында өтеді.
Каноэдан екі медаль алды
Батысқазақстандық Мария Бровкова каноэдан жастар арасында Мажарстанның Сегед қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында екі медаль жеңіп алды.
Спортшының анасы әрі жеке бапкері Елена Бровкова мәлім еткеніндей, Мария 18 жасқа дейінгілер арасында бұл жолы 500 метр қашықтықта бір адамдық каноэда қола жүлдеге ие болды.
Қазақстандық спортшы қытайлық және мажарстандық каноэшыдан кейін мәре сызығын үшінші болып қиып өтті.
Осылайша, Мария Бровкова әлем чемпионатында екінші медаліне қол жеткізді. Ол Қазақстан тарихында тұңғыш рет қыздар арасында әлем чемпионы атанған болатын.