«2022 жылы газ баллоны жарылуының 346 оқиғасы тіркелді. Одан 522 адам жапа шегіп, оның 97-сі қаза болды. 2023 жылы газ баллоны жарылуының 128 оқиғасы тіркеліп, 167 адам жарақат алды, 21 адам мерт болды», - деді Рашид Дубаев ОКҚ алаңында.
Маманның айтуынша, газ баллондары жарылуының бірінші себебі адамдардың оны қысқы уақытта пайдалану ережесін бұзуы болып отыр. Екінші себебі көптеген газ баллонының пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кетуімен байланысты.
«Газ баллондарын жаңарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Арнайы бағдарлама бар. Бұл жұмысты қолға алатын отандық өндіруші де табылды. Енді бұл жаңа баллондар цифрландырылады және тек қана ел аумағында пайдаланылады. Одан бөлек, олар шығарылған сәтінен бастап пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін бақылауда болады», - деді ол.
Бұған дейін Үкімет басшысы халық 50 жылдық газ баллонын әлі пайдаланып жүргенін сынға алған еді.
Айта кетейік, жаңа баллондар шығару ісімен Қорғаныс министрлігінің жанындағы «Kazinjenering» компаниясы айналыспақ. Жоба аясында қолданыстағы 350 мың газ баллоны жаңартылады.