Өткен жылы АҚШ криптовалютамен байланысты алаяқтықтан 11 млрд доллар жоғалтты

АСТАНА. KAZINFORM - АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы интернеттегі қылмыстарға қатысты жыл сайынғы есебін жариялады. Құжатқа сәйкес, өткен жылы америкалықтар криптовалютамен байланысты алаяқтықтан зор шығын көрген. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі хабарлайды.

Фото: cyble.com

2025 жылы Интернет-қылмыстар бойынша шағымдарды қарау орталығына 1 008 597 өтініш түскен. Бұл көрсеткіш 2024 жылғы 859 532 өтінішпен салыстырғанда едәуір жоғары. Өткен жылы америкалықтар жалпы көлемі 20,877 млрд доллар шығын туралы мәлімдеген, деп хабарлайды FOX Business.

Криптовалютаға қатысты алаяқтық салдарынан келген шығын 11,366 млрд долларды құрап, интернеттегі барлық қылмыстардың жартысынан астамына тең болды.

Сонымен қатар, өткен жылы тіркелген шамамен 1 миллион шағымның 181 565-і криптовалютаға байланысты болған.

Есепке сәйкес, 2025 жылы криптовалютаға инвестиция салуға қатысты алаяқтық америкалықтарды ең ірі қаржылық шығынға әкелген – оның көлемі 7,2 млрд долларды құрады.

Мұндай алаяқтық көбіне әлеуметтік желілер, мәтіндік хабарламалар, жарнамалар немесе танысу платформалары арқылы басталады. Алаяқтар өздерін саладағы тәжірибелі маман ретінде таныстырып, жәбірленушілерді «инвестициялық топтарға» тартады.

Одан кейін оларды жалған инвестициялық платформалар мен қосымшаларға бағыттап, қолдан жасалған табысты көрсетеді немесе қосымша қаржы салуға итермелеу үшін несие ұсынады. Ақшаны кері қайтармақ болған кезде түрлі салықтар мен комиссиялар талап етіледі. Сондай-ақ алаяқтар жоғалған қаражатты қайтарып беруге уәде ететін жалған схемаларды да қолданады.

Бұған дейін 2 жылда Қазақстанда криптовалютаның айналымына байланысты мыңнан астам қылмыстық іс тіркелгені туралы жаздық.