Өткен жылы мас жүргізушілер 424 жол апатын жасап, 110 адамның өмірін қиды

АСТАНА. 11 ақпан. ҚазАқпарат - Былтыр мас күйінде рулге отырған жүргізушілердің кінәсінен 424 жол-көлік оқиғасы орын алды, салдарынан 110 адам қаза болып, тағы 588-сі жарақаттанды.

Бұл туралы ІІМ Жол полициясы комитетінен хабарланды.

Келтірілген мәліметтерге қарағанда, былтыр орын алған барлық жол-көлік апаттарының 88 пайызы немесе 12 407 оқиға жүргізушілердің кінәсінен болғаны анықталды. Бұдан бөлек, көлік оқиғаларының 23,4 пайызы жылдамдықты асыру салдарынан, 9,2 пайызы жолдың қарсы бағытына шығудан, 7,9 пайызы қиылыстардан өту ережелерін бұзудан, 8,7 пайызы жаяу жүргіншілер жолағынан өту ережелерін бұзудан орын алған.

«Мас күйінде рулге отырған жүргізушілердің кінәсінен 424 жол-көлік оқиғасы орын алып, онда 110 адам қаза болды және 588 жарақат алды. Сондай-ақ, автобус жүргізушілерінің кінәсінен 405 оқиға жасалған. Әрбір екінші жол-көлік оқиғасы жаяу жүргіншілерді соғумен (44,3 пайызы) байланысты болып отыр. Жол апатына ұшыраған жаяу жүргіншілер жалпы қаза болғандар мен жарақат алғандардың санының тиісінше 29,6 және 32,9 пайызын құрайды», - делінген баспасөз хабарламасында.

«Жол полициясы комитеті жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолдарда апаттылық деңгейін төмендету бойынша мақсатты бағатталған шаралар қабылдауда. Сонымен қатар, апаттылық жағдайына көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің жолдардағы мінез-құлқы, ережені сақтай білуі тікелей әсер етеді. Жолдағы әрбір жол қозғалысына қатысушының құқықтық санасы өзгерген жағдайда, жолдағы ахуалды, яғни жол апаттарының санын төмендетуге қол жеткізе аламыз», - делінген баспасөз баянында.

Естеріңізге сала кетсек, 2012 жылдың 12 айында 14 168 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оларда 3 022 адам қайтыс болды, тағы 17 488 адам түрлі дәрежеде дене жарақаттарын алды.