Отшашудан зардап шеккендер өз құқықтарын қалай қорғайды

Фото: Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Пиротехникалық заттардан жарақат алған жағдайда өз құқығыңызды қалай қорғауға болады. Бұл туралы Кazinform агенттігінің тілшісіне заңгер Нұрлан Жаңабаев айтып берді.

«Zanger» Солтүстік Қазақстан заң кеңесшілері палатасының заңгері Нұрлан Жаңабаев пиротехникалық бұйымдардан жапа шеккен жағдайда нақты әрекеттер алгоритмін ұстануға кеңес берді.

— Бірінші міндет — дәрігерге көріну керек. Медициналық көмек сіздің денсаулығыңызды сақтап қана қоймайды, сонымен қатар жарақаттың алғашқы дәлелі болады, — деп атап өтті заңгер.

Тағы бір маңызды қадам — ​​барлық дәлелді сақтау. Құқықтарыңызды қорғау үшін оқиғаның барлық мән-жайларын жазып алу қажет:

  • Жағдай болған жерді және алған жарақаттарды фото және видеоға түсіру;
  • Пиротехникалық заттарды қолма-қол ақшаға немесе онлайн сатып алғаныңызды дәлелдейтін түбіртектерді тастамау;

Куәгерлердің сөзін де жазып алған абзал: олардың аты-жөні мен байланыс нөмірлері сотта болған жағдайды растауға көмектеседі.

— Есіңізде болсын, неғұрлым дәлел көп болса, соғұрлым құқығыңыздың бұзылғанын дәлелдеуге және өтемақы алу оңай болады, — деп түсіндірді Нұрлан Жаңабаев.

Сондай-ақ, фактіні тіркеу үшін полицияға хабарласу қажет. Олар тергеу жүргізіп, хаттама толтырып, кінәлілерді анықтауға көмектеседі.

Егер отшашуды сатқан адам сізге өтемақы ұсынбаса немесе ол жеткіліксіз болса, сіз сотқа шағымдануға құқылысыз.

Сотқа қалай дайындалу керек

Нұрлан Жаңабаев егер адам пиротехниканың кесірінен зардап шегіп, сотқа шағым түсіргісі келсе, келесі құжаттар пакетін ұсыну керек:

Жарақаттың сипаты мен дәрежесін растайтын медициналық анықтамалар, рентген және дәрігерлердің шығарған қорытындысы.

Жарақаттың пиротехникалық заттармен байланысты екенін көрсету маңызды.

Суреттер мен видеолар. Оқиғаның сипаты мен мән-жайын анық көрсететін дәлелдемелер.

Куәгерлердің түсініктемесі сотта күшті дәлел бола алады.

Емдеу шығындарына қатысты құжаттар. Медициналық қызметке, дәрі-дәрмекке және басқа да шығындарға арналған түбіртек залалдың көлемін дәлелдеуге көмектеседі.

Арыз жауапкерге қойылатын барлық талабын көрсете отырып дайындалуы керек.

Жеке басын куәландыратын құжаттар.

— Сотқа арыз түсірмес бұрын мен мұндай істерге маманданған заңгерге жүгінуді ұсынамын. Ол сізге сотта талап-арыз жазып, қажетті құжаттарды дайындауға көмектеседі, — деп кеңес берді Нұрлан Жаңабаев.

Заңгер Қазақстанда пиротехникалық бұйымдарды сату лицензияланған қызмет түрі екенін еске салды.

Нұрлан Жаңабаев пиротехникалық заттарды сатуға рұқсат лицензиясы бар сауда орындарынан алуға шақырды. Бұл оның сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік береді.

Сатып алу алдында пиротехникалық заттардың Қазақстан стандарттарына сәйкестігін растайтын тауар сертификаттарын міндетті түрде тексерген дұрыс.

Жазатайым жағдайларды болдырмау үшін қолданар алдында нұсқауларды мұқият оқып шыққан абзал.

— Пиротехникалық заттарды заңсыз сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілік — 25 АЕК (яғни 92 300 теңге) көлемінде айыппұл салу және тауарды тәркілеу қарастырылған, — деп ескертті заңгер.

Пиротехникалық заттар өрттің шығуына себеп болса, адамның денсаулығына ауыр зиян келтірсе немесе кісі өліміне әкеп соқтырса, кінәлі адам қылмыстық жауапқа тартылады.

Бұған дейін мереке кезіндегі қауіпсіздік шаралары айтылды.