Жаңа жыл. Отшашу. Жарақат. Мереке кезіндегі қауіпсіздік шаралары қандай
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде нені ескеру керек және жарақат алған жағдайда алғашқы көмекті қалай көрсеткен жөн.

Көз бен қол — басты «нысана»
Алматы қалалық медициналық жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, пиротехникалық бұйымдардан зардап шегетіндер саны жыл сайын азайып келеді. Егер 2023 жылы 13 тұрғын медициналық көмекке жүгінген болса, 2024 жылды қарсы алу кезінде 10 адам жарақат алған.
Жарақат алатындардың жасы бойынша тенденциясы да өзгерді. 2020 жылы зардап шеккендердің 80 пайызы балалар мен жасөспірімдер болса, қазір жағдай мүлде басқаша, былтыр зардап шеккендердің 80%-ы 18 бен 30 жас аралығындағыларға тиесілі болды.
Алматы қалалық медициналық жедел жәрдем қызметі директорының орынбасары Андрей Ложкиннің түсіндіруінше, пиротехникалық заттардан көбінесе көз бен қол жарақаты жиі болады. Пиротехникалық бұйымдардың ыстық бөлшектері күйікке алып келеді.

— Егер сондай жағдайға тап болсаңыз, бірінші ереже — байбалам салмаған абзал. Ең алдымен, сабыр сақтап, жедел жәрдем шақыру керек, ол сізге көмек көрсетіп, мамандандырылған ауруханаға апарады, — дейді Андрей Ложкин.
Дәрігер ешбір жағдайда жараны сүртуге немесе мұзды қолдануға болмайтынын ескертеді — бұл жағдайды ушықтырады. Тек суық сумен ғана жууға болады.
— Көзге отшашудың ұшқыны тисе, сулы сүлгімен басқан абзал. Суықтың ауруды басатын әсері бар, — дейді ол.
Андрей Ложкин, егер ауырсыну мүлдем төзгісіз болса, парацетамол, анальгин немесе басқа да ауырсынуды басатын дәрілерді қабылдауға кеңес береді.
— Ары қарай медицина қызметкеріне жүгіну керек. Жақпа майлар жағуға болмайды. Өйткені, ол жараны одан әрі емдеу кезінде қиындықтар тудырады, — дейді дәрігер.

Отшашуды қалай қолдану керек?
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Рахман Кәрімжан маңызды ұсыныстарымен бөлісті.

Айтуынша, отшашулар ағаштардан, ғимараттардан және электр желілерінен бос үлкен ашық жерде немесе алаңда қолданылуы керек.
— Отшашуды ғимарат ішінде немесе ағаштардың астында атуға болмайды. Пиротехниканы дұрыс қолданбаудың салдарынан көптеген адам зардап шегіп жатады. Соңы өртке ұласпас үшін тұрғындар қауіпсіздік ережелерін сақтау керек, — дейді ол.
Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі пиротехникалық заттар тұтанып немесе өрт шықса, дереу қауіпті аймақтан шығып, 101 нөміріне қоңырау шалу қажет екенін еске салды.
— Шыққан өртті өз бетіңізше сөндіруге тырыспаған жөн. Өрттің таралуына жол бермеу үшін есіктерді жабу керек, — деп кеңес береді ол.
Пиротехниканы қалай таңдауға болады?
Петардалар, салюттер және жарқылдақтар тек мамандандырылған дүкендерде немесе пиротехникалық сауда рұқсаттары бар сауда нүктелерінде сатып алынуы керек.
Қазақстанда заңды түрде сатылатын барлық пиротехникалық бұйымдардың сәйкестік сертификаты болуы тиіс. Олардың әрқайсысында оны мемлекеттік және орыс тілдерінде қолдану жөніндегі нұсқаулық бар.
Ешқандай жағдайда жарамдылық мерзімі өткен, механикалық зақымданған, сондай-ақ сертификаты мен нұсқаулығы жоқ пиротехниканы сатып алуға болмайды.

— Балалар ересектердің қарауынсыз отшашулар мен петарда атпауы керек. Бұл өнімдер балаларға арналған болса, оларды қолдану да ата-ананың қатаң бақылауында болуы керек, — деді Рахман Кәрімжан.
ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексінің 436-бабының 2-бөлігіне сәйкес пиротехникалық бұйымдарды елді мекендерде және осы мақсатқа арналмаған орындарда қолданған үшін 20 АЕК (73 840 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Осыған дейін Алматы полициясы 365 келі пиротехника тәркілегені туралы жазған едік.