Оттық үшін танысын өлтіріп, денесін бөлшектеп тастаған ақтөбеліктер сотталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Танысына оттық үшін пышақ сұққан Константин Панаскин 11 жылға, ал оның өлімін жасырмақ болған Михаил Лукин 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сотқа Алқабилер қатысты. Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған іске үкім шықты.
— Константин Панаскин Қылмыстық кодекстің 99 бабы 1 бөлігімен айыпты деп танылды. Оған 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын өтеу орны қауіпсіздігі орташа мекемесі болып белгіленсін. Михаил Лукин Қылмыстық кодекстің 439 бабы бойынша айыпты деп танылды. Оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.
Сот-наркологиялық сараптама қорытындысына сүйенсек, Лукин мен Панаскин психикалық ауруға шалдыққан. Ішімдікке тәуелді. Түзету мекемесінде мәжбүрлі түрде емдеу жүргізілсін, - деді судья Алтынбек Сабыров.
Айта кетейік, сот отырысы кезінде К.Панаскин кінәсін мойындамады.
Еске салсақ, 38 және 40 жастағы айыпталушыларға Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» және «Қылмысты жасырып қалу» баптары бойынша айып тағылды.
Сотталушылар мен жәбірленуші бір пәтерде ішімдік ішкен. Сол жерде бірі оттықты таппай, оны екіншісінен көреді. Сөзге келген екеуі өзара келісе алмай, бірі екіншісіне пышақ сұғып алады. Жәбірленуші оқиға орнында көз жұмады. Ал пәтер иесінің баласы Михаил Лукин бір күн өткен соң қылмысты жасырмақ болып, денені бұтарлайды. Аяқ-қолын карьерге тастап, денесін тоңызытқышқа салады.