Денесін карьерге тастаған: Ақтөбеде адам өліміне қатысты іс сотта қаралып жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде ер адамды пышақтап өлтіріп, кейін денесін бұтарлаған екі айыпталушының ісі сотта қарала бастады. Олардың бірі адам өлтірсе, екіншісі денесін бөлшектеп, аяқ-қолын карьерге, денесін тоңазытқышқа жасырып қойған.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы Константин Панаскин мен Михаил Лукинге қатысты іс қаралып жатыр. 38 және 40 жастағы айыпталушыларға Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» және «Қылмысты жасырып қалу» баптары бойынша айып тағылды. Айыптау актісіне сүйенсек, 2024 жылдың 25 қыркүйегі күні сағат шамамен 23:00 шамасында Панаскин өзінің танысы Михаил Лукин тұратын көпқабатты үйге барады. Сол кезде олар ішімдік ішуге келіседі. Екеуі үйге кіргенде, пәтер ішінде олардың ортақ танысы 43 жастағы Денис Кузменконы көреді. Сол арада барлығы ішімдік ішеді.
— 2024 жылдың 26 кыркүйегі күні сағат түнгі 01:30–да ішімдік ішіп, Кузменко мен Панаскин арасында жанжал болады. Олар оттықтың кім алғанын білмей, сөзге келген. Кузменко оны Панаскиннен көреді. Сол кезде Кузменко сөзге келеді. Өз кезегінде бұрын істі болған Панаскин сөзді көтере алмай, қорландым деп санайды. Кузменконы жұдырығымен ұрады. Ас үй үстелінен пышақ алып, Кузменконың ішіне сұғып алады. Кузменко оқиға орнында қаза тапты. Кейін Лукин Кузменконың қимылсыз қалғанын көреді. Дегенмен Лукин де, Панаскин де алғашқы медициналық көмек көрсетпеді. Жедел жәрдем шақырмады, полицияға хабар бермеді. Олар пәтерден шығып кетеді, - деді мемлекеттік айыптаушы Женя Кабдышева.

Кейін түнде, яғни, 27 қыркүйек күні сағат 03:00–де Лукин анасына тиесілі пәтерге қайта келеді. Ол Кузменконың өлімін жасырмақ болып, түрлі ойға келеді. Сөйтіп Кузменконың денесін бөлшектеп, оны әртүрлі жерге лақтыруды жоспарлайды.
— Лукин қылмысты жасыру үшін ас бөлмеде жатқан денені ваннаға апарады. Кейін ас үй пышағымен бұтарлайды. Алдымен аяқ-қолын бөлшектейді. Оны сөмкеге салып, Хромтау қаласындағы карьер аумағына апарып тастайды. Содан соң үйіне қайта келіп, Кузменконың денесінің қалған бөлігін бөлшектеп, пакетке салып, иіс шықпас үшін тоңазытқышқа салып қояды. Лукин ваннаның ішін химиялық қоспалармен тазалайды, суын ағызып жібереді. Кейін пәтерден кетіп қалады. Константин Панаскинге Қылмыстық кодекстің 99 бабы 1 бөлігі, Михаил Лукинге Қылмыстық кодекстің 432 бабы аясында айып тағылады, - деді мемлекеттік айыптаушы.
Сот отырысына айыпталушы Михаил Лукиннің анасы да қатысты. Ол өзгеге емес, баласының өзіне де зәбір көрсеткенін айтты.
— Балам алғашында жақсы бала болды. Оны қорғап, қолпаштап жүрдім. Істі болмас үшін бірнеше рет бұзушылықтарды жасырдым. Менен үнемі ақша да талап етті. Оқиға болған күні мен үйде болмадым. Үйде тыныштық бермей, музыканың дауысын қатты шығарып қойды. Содан кетіп қалып едім. Бір күні маған полиция келіп тұр. Жанында балам жүр. Ол пәтер кілті жоқ деп өтірік айтып, мені пәтерге ерте барды. Сол кезде полиция пәтер ішін қарап, ас бөлмеге де кірді. Жолда тұрған тоңазытқышты ашып, тез жапты. Тергеуші маған «әже, сізге қарауға болмайды» деп ескерткетімен, мен көзін ала бере аштым. Ал ол жерде адамның денесі болды. Басы да болған деп айтты маған кейін. Әлі күнге дейін есімнен кетпейді бұл сұмдық, - деді айыпталушының анасы Любовь Лукина.
Еске салсақ, былтыр қыркүйекте Ақтөбенің Хромтау ауданында ер адамның денесі табылды. Алайда бұл іс көпшілікке қазан айында белгілі болды.