2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Мұндай заттардың тізіміне азот тотығы, яғни «ойын-сауыққа арналған газ» да енгізілген.
— Аталған өзгерістер заңды күшіне енген сәттен бастап азот тотығының заңсыз айналымына байланысты 50-ден астам қылмыстық іс тіркелді. Заңсыз айналымнан 1500-ден астам баллон тәркіленді, — деп хабарлады ҚР Ішкі істер министрлігі.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «ойын-сауыққа арналған газдың» сатылуы және оның жастар арасында таралуы мүмкін екені туралы ақпараттардың жариялануына байланысты Kazinform редакциясы ҚР ІІМ мен Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдады. Редакция мәселенің қаншалықты өзекті екенін, заттың денсаулыққа әсерін және оның заңдық мәртебесін анықтауды сұрады.
Тәуекел тобында кімдер бар
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, азот тотығын қолданғаннан кейін медициналық көмекке жүгіну жағдайлары бойынша жеке статистика жүргізілмейді. Дегенмен осындай бір жағдай ресми түрде тіркелген.
— 2025 жылы Қарағанды қаласында ингаляциялық уланудың жедел түрімен медициналық ұйымға жүгінудің бір жағдайы тіркелді, — делінген министрліктің жауабында.
Ведомствоның дерегіне сәйкес, негізгі тәуекел тобына 16–24 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар, сондай-ақ 30–35 жасқа дейінгі азаматтар жатады.
«Ойын-сауыққа арналған газ» неліктен қауіпті
Дәрігерлердің айтуынша, азот тотығын медициналық бақылаусыз қолдану ағза жұмысының күрт бұзылуына әкелуі мүмкін. Ең жиі кездесетін белгілердің қатарында бас ауруы, бас айналу, жүрек айну, аяқ-қолдың ұюы мен сезімталдығының төмендеуі, галлюцинациялар, жүрек қағысының жиілеуі және қан қысымының көтерілуі бар.
Ауыр жағдайларда мидың оттегі тапшылығына ұшырауы және орталық жүйке жүйесінің зақымдануы байқалады. Бұл неврологиялық бұзылыстарға және өмірге қауіп төндіретін асқынуларға әкелуі мүмкін.
— Азот тотығын қайталап немесе бақылаусыз қолдану ауыр неврологиялық бұзылыстарға және орталық жүйке жүйесінің оттегі жетіспеушілігінен зақымдануына әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайлар өмірге қауіп төндіретін асқынуларға ұласып, тіпті адам өлімімен аяқталуы ықтимал, — деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Уланған жағдайда қандай көмек көрсетіледі
ДСМ мәліметінше, азот тотығынан уланған адамдарға көрсетілетін медициналық көмек ағзадағы оттегі тапшылығын азайтуға және өмірлік маңызды функцияларды тұрақтандыруға бағытталған.
Науқастың жағдайына байланысты оған оттегі терапиясы тағайындалып, тыныс алу және жүрек-қан тамырлары жүйелерінің қызметі бақылауға алынады. Ал ауыр жағдайларда қарқынды терапия жүргізіліп, науқас стационарға жатқызылады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, медициналық ұйымдар жедел уланулар мен шұғыл жағдайларды емдеуге арналған бекітілген клиникалық хаттамаларға сәйкес әрекет етеді.
Мұндай деректер улану, өзіне зиян келтіру немесе заң бұзушылық белгілері болған жағдайда құқық қорғау органдарына жолданады.
Заттың ресми қолданылуы
Қоғамда қызу талқыланғанына қарамастан, азот тотығы медицина саласында заңды түрде қолданылып жүр. Ол тек оттегімен бірге және мамандардың қатаң бақылауымен ингаляциялық анестезия мен седация жасау кезінде пайдаланылады.
Сонымен қатар бұл зат кейбір косметологиялық процедураларда да қолданылады. Атап айтқанда, жергілікті жансыздандыруды қамтамасыз ету және сезімталдықты уақытша төмендету үшін қолданылатын әдістерде кездеседі.
Осылайша, медицинада азот тотығы қатаң бақыланатын жағдайларда ғана қолданылса, медициналық емес айналымы қазірдің өзінде құқық қорғау органдарының тергеуіне себеп болып отыр.
Ішкі істер министрлігі «ойын-сауыққа арналған газдың» заңсыз айналымын анықтау және оның жолын кесу жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.
Бұған дейін 1 қаңтардан бастап Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 301-бабы бойынша күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілік енгізілгені айтылған еді. Бұл тізімге азот тотығы да енгізілген.
Сонымен қатар ІІМ-нің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті түнгі клубтар мен ойын-сауық орындарында заңсыз заттардың таралуын анықтау және жолын кесу мақсатында тұрақты түрде рейдтік шаралар жүргізіп отырады.
Еске салайық, осындай тексерістер барысында елордадағы бірқатар мекемеде азот тотығын заңсыз сату деректері анықталған еді. Осылайша, «ойын-сауыққа арналған газ» сату фактісі бойынша 30 қылмыстық іс қозғалған.