Өз әулетінің тарихын зерттеген оқушылар марапатталды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада ата-бабасының тарихын түгендеп, әулет шежіресін зерттеген мектеп оқушылары марапатталды. «Архив құжаттарындағы менің отбасымның тарихы» атты дәстүрлі байқау бүгін мәресіне жетті.

Видеодан алынған кадр

Биыл бесінші рет ұйымдастырылған жарысқа осы уақытқа дейін 350-ден астам оқушы қатысқан. Осы жылы 140 өтінім түсіп, жас зерттеушілердің еңбегі үш ай бойы сараланды.

Әр жұмыста — бір әулеттің тарихы, бір шаңырақтың шежіресі. Оқушылар архив құжаттары мен тарихи деректерге сүйене отырып, отбасының өткені мен ұрпақ сабақтастығын зерделеген.

Байқауға қатысушылардың бірі — Диас Шамшидин. Ол Астанадағы «Центральная» экономикалық мектебінің 11-сынып оқушысы. Жас зерттеуші жобасында Алаш партиясының мүшесі болған арғы атасының өмір жолын зерделеген. Ол архивке барып, тарихи құжаттарды іздестіріп, отбасында сақталған ескі фотосуреттер мен деректерді жинақтапты.

Зерттеуіне сүйенсек, арғы атасы ағартушылықпен айналысып, мәдениет, тарих пен тіл мәселелерін көтерген. Сондай-ақ жаратылыстану, математика және химия салаларының дамуына үлес қосып, халықтың білім деңгейін көтеруге күш салған екен.

Видеодан алынған кадр

— Бұл ретте туыстарым мен жақындарым да көмектесті. Олар маған ескі құжаттар мен фотосуреттерді ұсынды. Мұғаліміммен бірге архивке барып, арғы атамның тұрған жері туралы мәліметтерді және 1957 жылғы 18 тамызда ақталғанын растайтын құжатты таптық. Бұл тақырып маған өте жақын. Бала кезімнен ата-бабамның кім болғанын, қандай өмір сүргенін білгім келетін. Енді сол қызығушылығымның арқасында өз әулетімнің бір өкілін зерттеп, оның өмір жолын көпшілікке таныстыруға мүмкіндік алдым, — деді ол.

Тарихшылар мен ғалымдардан құралған қазылар алқасы үздіктерді іріктеді. Нәтижесінде соның отызы жеңімпаз атанып, бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде марапатталды.

Видеодан алынған кадр

— Байқау барысында ұсынылған тақырыптар да өте қызықты болды. Әсіресе, ХХ ғасыр тарихы мектеп оқушыларына жақын. Өйткені олардың ата-әжелері мен жақын туыстары сол кезеңдегі саяси оқиғаларға, ел өміріндегі маңызды өзгерістерге куә болған. Әр шаңырақта өткеннен сыр шертетін фотосуреттер, қолжазбалар, күнделіктер мен түрлі құжаттар бар. Соның бәрін оқып, зерделеп реферат түрінде таныстыруға мүмүкінді бердік, — деді ҚР Президенті Архиві директорының орынбасары Қайрат Әлімғазинов.

Айта кетейік, жақын арада Қазақстан мен Корея архив ісінде ЖИ технологияларын қолданбақ.