Өз елімде, сіздердің алдарыңызда өнер көрсетемін — Жәнібек Әлімханұлы

Фото: Фото: Күнсұлтан Отарбай/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық боксшы, орта салмақтағы WBO және IBF чемпионы Жәнібек Әлімханұлы 5 сәуірде Астанадағы «Барыс Аренада» жеңіліп көрмеген француз боксшысы Анауэль Нгамиссенгемен рингке шығады.

Бүгін Астанада жекпе-жекке арналған баспасөз мәслихаты.

— Құрметті қазақ елі! Құрметті жанкүйерлер! Мен тұңғыш рет қос бірдей чемпиондық белдігімді өз елімізде қорғағалы отырған бірінші қазақ атанғалы отырмын. Бұл мен күткен басты жекпе-жектердің бірі деп ойлаймын. Өз елімде, жергілікті жанкүйерлер алдында керемет бокс кешін өткізуді мақсат етіп жүр едім. Міне, сол күнге, сол қызыққа толы бокс кешін елордамызда бірге өткізуге барлықтарыңызды шақырамын. Бұйыртса 5 сәуір Астана қаласында жұдырықтасамыз! Өз елімде, сіздердің алдарыңызда өнер көрсетемін — деді Жәнібек Әлімханұлы баспасөз отырысында.

Фото: Күнсұлтан Отарбай/Kazinform

Еске салсақ, Жәнібек Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін өткен жылы 4 қазан күні Аустралияда өткізіп, Жаңа Зеландиялық Андрей Михайловичті тоғызыншы раундта техникалық нокаутпен тізе бүктірген болатын.

Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлының 5 сәуір Астана қаласында жұдырықтасатын қарсыласы франциялық боксшы — Анауэль Нгамиссенгу. Ол осыған дейін 14 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 9-ын мерзімінен бұрын жеңген.

Естеріңізде болса осыған дейін ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Жәнібек Әлімханұлының кезекті жекпе-жегі Қазақстанда ұйымдастырылатыны туралы хабарлаған болатын.